locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Үш жылдық үзіліс және Рамостың үй рингі». Сарапшы Нурсултановтың АҚШ-тағы жекпе-жегіндегі басты мәселені атады

Сарапшының айтуынша, қазақстандық боксшының үш жылдық үзілісі WBC уақытша чемпионына қарсы айқаста шешуші фактор болуы мүмкін
Эксклюзивтер
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
ФОТО: IG Нурсултанов

19 қыркүйекте қазақстандық боксшы Мейірім Нурсултанов (20-0, 11 KO) орта салмақтағы WBC уақытша чемпионы американдық Хесус Рамоспен (24-1, 19 KO) кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.

Жекпе-жек Сан-Диегодағы (Калифорния штаты, АҚШ) Pechanga Arena-да өтетін бокс кешінің негізгі оқиғаларының бірі болмақ. Кештің басты айқасы - бірінші жартылай орта салмақтағы WBC уақытша чемпионы Исаак «Питбуль» Крус (28-3-2, 18 KO) пен Нестор Браво (24-1, 17 KO) арасындағы текетірес. Бұл кездесу Мексика мен Пуэрто-Рико арасындағы әйгілі бокс қарсыласуының жалғасы болмақ.

Жекпе-жек ресми түрде жарияланғаннан кейін Sports24.kz тілшісі Hard Punch командасының бапкері әрі сарапшы Алмас Жақұповпен байланысқа шықты. Маманның пікірінше, алдағы айқастағы басты фактор – қазақстандық боксшының үш жылдық үзілісі болмақ.

«Мәселе мынада, Мейірімде үш жылдық үзіліс болды. Егер осындай ұзақ пауза болмағанда, оны бұл айқастың фавориті деп санауға болар еді. Бірақ үш жылда көп нәрсе өзгерді.
Осы уақыт ішінде Хесус Рамос айтарлықтай алға басты, орта салмаққа өтті және WBC уақытша чемпионы атанды. Ол жас, қарқыны жоғары, мотивациясы зор. Сондықтан Нурсултановты Рамосқа қарсы әдейі таңдаған болуы мүмкін деп ойлаймын. Айқас қарсыластың аумағында өтеді, әрі бұл кешті ұйымдастырушылар мен промоутерлік команда Рамостың мансабымен айналысады. Бұл өте маңызды фактор», - деді Жақұпов.

Сарапшы мұндай айқастардың тағдырына тек боксшылар ғана емес, жанкүйерлердің назарынан тыс қалып жататын ұйымдастырушылық жайттар да әсер ететінін атап өтті.

«Қазыларды кім тағайындайды? Айқас қандай қолғапта өтеді? Бұлардың да маңызы зор. Мұндай ұсақ-түйектердің барлығы Рамосқа пайда әкелуі мүмкін. Бокс кеші АҚШ-та өтеді және ең алдымен америкалық әрі латиноамерикалық аудиторияға арналғанын ұмытпаған жөн», - деді сарапшы.

Жақұповтың айтуынша, ұзақ уақыт бойы ресми жекпе-жекке шықпауы қазақстандық боксшының қазіргі деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік бермейді.

«Мейірім Нурсултановтың басты мәселесі – ұзақ, үш жылдық үзіліс. Осы себепті оның қазіргі мүмкіндігін нақты айту өте қиын. 2023 жылы Ташкентте өткен соңғы жекпе-жегін де жеңіл деп айта алмаймын. Сондықтан қазіргі таңда фаворит деп Рамосты санаймын.
Ол жақсы қарқынмен дамуда, сенімді түрде алға жылжуда, ал Нурсултановтың мансабындағы ұзақ үзіліс көптеген сұрақ тудырады. Бұған қарсыластың үй аренасын және басқа да факторларды қоссақ, әзірге басымдық Рамоста», - деп түйіндеді Алмас Жақұпов.

ФОТО: IG Нурсултанов
Темірбеков Самрат
Темірбеков Самрат
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie