«Бір бас жоғары»: қазақстандық маман Ян – Двалишвили трилогиясындағы фаворитті таңдады
Saq Pro Team бас жаттықтырушысы әрі жекпе-жек сарапшысы Дәулет Нұрланұлы Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында алдағы айқасқа болжамын айтты.
Ян мен Двалишвили алғаш рет 2023 жылы кездесіп, сол кезде грузин файтері жеңіске жеткен еді. Алайда былтыр жылдың соңында ресейлік спортшы реванш алып, Двалишвилиді жеңді және UFC-дің жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін иеленді. Енді қарсыластар арасындағы текетірес үшінші жекпе-жекте шешіледі.
«Соңғы жекпе-жекте Ян Мерабтан бір бас жоғары болды»
Нұрланұлының пікірінше, трилогиядағы фаворит – Петр Ян. Сарапшы қысқа уақыт ішінде Двалишвилидің алдыңғы жекпе-жектен кейін қалыптасқан жағдайды айтарлықтай өзгерте алуы екіталай деп санайды.
«Бұл жолы Петр Ян жеңеді деп ойлаймын. Соңғы жекпе-жекте ол Мерабтан бір бас жоғары болды. Осындай қысқа уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді немесе өзгереді деп ойламаймын», - деді Нұрланұлы.
«Мерабтың қайтадан бабына келуі қиын болады»
Маман Двалишвилидің физикалық дайындығына да назар аударды. Оның пікірінше, грузин файтеріне Янмен үшінші жекпе-жекке дейін қайтадан оңтайлы бабына келу оңай болмайды.
«Мерабқа қайтадан бабына келу қиын болады. Сондықтан бес раундтың қорытындысы бойынша Петр Ян төрешілер шешімімен жеңіске жетеді деп ойлаймын», - деп түйіндеді Saq Pro Team жаттықтырушысы.
Жеңіл салмақтағы титулдық жекпе-жектен бөлек, кардта көптеген ресейлік файтер, сондай-ақ өзбекстандық Рамазан Темиров өнер көрсетеді. Ал UFC 333 турнирін Александр Волкановски мен Мовсар Евлоев арасындағы чемпиондық айқас басқарады.