Асу Алмабаевқа Bellator-дың бұрынғы чемпионымен жекпе-жекте жеңіске жетудің жолын көрсетті
Ресейлік ММА сарапшысы, журналист, «Вестник ММА» жобасының жетекшісі Михаил Крамер UFC-дің ең жеңіл салмақ дәрежесі рейтингіндегі жетінші орында тұрған қазақстандық Асу Алмабаевтың жапон файтері Кэдзи Хоригучиге қарсы алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жекпе-жек 21 қарашада Дохада (Катар) UFC Fight Night турнирі аясында өтеді.
Сарапшы Асу Алмабаевты өте маңызды әрі қиын жекпе-жек күтіп тұрғанын атап өтті.
«Кэдзи Хоригучи – нағыз топ файтер әрі UFC ардагері. Бұл оның промоушенге екінші рет оралуы. Ол Деметриус Джонсонмен жұдырықтасқан және Манел Капемен кездескенге дейін жақсы қарқынмен келе жатқан. Кэдзи Хоригучи күресте өте мықты, ауырлық орталығы жақсы орналасқан, оны жерге түсіру қиын. Сонымен қатар жапон файтері жылдам, соққы техникасы да жаман емес. Асу бұл жекпе-жекте жеңіске жету үшін мүмкіндігінің шегінен шығуы керек. Бұл мүмкін, бірақ оңай болмайды. Негізі, UFC-дегі одан арғы тағдыры осы жекпе-жектің нәтижесіне байланысты болады. Егер Асу жеңсе, титул үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігіне ие болады. Ал жеңілсе, бәрі аяқталады, қанша өкінішті болса да», – деді Михаил Крамер.
Еске сала кетейік, Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегінде америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта мерзімінен бұрын жеңді.
Бұған дейін Асу Алмабаев промоушеннің жеңіл салмақтағы чемпионы Петр Янмен ықтимал жекпе-жек туралы пікір білдірген еді. Асу ресейлік файтер жекпе-жекке шақырса, мұндай кездесуден бас тартпайтынын мәлімдеді.