Антон Чичулин «Женис» клубының бас бапкері міндетін атқарады
Али Алиев кеткеннен кейін елордалық «Женис» командасының уақытша бас бапкері анықталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Команданың бас бапкері міндетін қазіргі уақытта дубльді жаттықтырып жүрген Антон Чичулин атқарады.
Бұл шешім Али Алиевпен ынтымақтастықты тоқтатқаннан кейін қабылданды. Күні кеше клуб басшылығы қазақстандық маманмен кездесу өткізіп, оның нәтижесінде тараптар келісімшартты тоқтату туралы шешімге келді.
Чичулин жаңа бас бапкер тағайындалғанға дейін команданы басқаруы мүмкін деп күтілуде. Бұл қызметке басты үміткер — босниялық маман Владимир Слишкович, онымен келіссөздер аяқталуға жақын.
Қазіргі таңда «Женис» сегізінші орында тұр және қоржынында 23 ұпай бар.
Антон Чичулин кім?
Антон Чичулин — елордалық футбол мектебінің түлегі. Ол қала командалары — «Женис» пен «Евразия» сапында 140-тан астам матч өткізген. Сондай-ақ, «Ақтөбе», «Ертіс», «Атырау», «Шахтер», «Оқжетпес» және түріктің «Гиресунспор» клубтарында өнер көрсетті. Қазақстан ұлттық құрамасында 24 матч өткізіп, 1 гол соққан. Екі дүркін Қазақстан чемпионы, сонымен қатар Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының иегері.