Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегінің уақыты мен орны белгілі болды
ФОТО: Getty Images
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегінің өтетін уақыты мен орны белгілі болды, деп хабарлайды Ring Magazine.
Ақпарат көзінің мәліметінше, 31 жастағы боксшы 5 сәуірде рингке қайта оралады. Әлімханұлының жекпе-жегі Астанада өтеді.
Алайда орта салмақтағы екі белбеу иегерінің қарсыласы әлі белгісіз. Жәнібектің өкілдері бұл жекпе-жекке үміткер іздеумен айналысып жатыр.
Әлімханұлы соңғы рет 2024 жылдың қазан айында Жаңа Зеландия боксшысы Андрей Михайловичпен жұдырықтасқан болатын. Сол кезде Сиднейде (Аустралия) өткен бокс кешінде қазақстандық спортшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Бұған дейін британдық боксшы Жәнібекпен жекпе-жек өткізуден бас тартқаны хабарланған еді.