Жәнібек Әлімханұлы үш белбеу үшін жекпе-жекке келісімшартқа қол қойды
Орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мансабындағы ең маңызды айқасқа дайындалуда. Америкалық инсайдер Дэн Рафаэльдің хабарлауынша, ол WBA тұжырымының иегері, кубалық Эрисланди Ларамен жұдырықтасуға ресми келісім берді.
Бұл жекпе-жек Айзек Крус – Ламонт Роуч-кіші кешінің тең басты оқиғасы ретінде 6 желтоқсанда Сан-Антонио қаласында (АҚШ, Техас штаты) өтеді. Қазақстан уақыты бойынша айқас 7 желтоқсан таңында көрсетіледі. Кездесуде WBO, IBF және WBA белбеулері сарапқа салынады.
Лара - тәжірибелі және техникалық тұрғыдан мықты қарсылас, рингтегі тактикалық шеберлігімен танылған. Ал Әлімханұлы үшін бұл айқас - өз үстемдігін дәлелдеп, абсолютті әлем чемпионы атағына бір қадам жақындаудың тамаша мүмкіндігі.
Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек екінші орта салмақта барлық белбеулердің иегері Терренс Кроуфордпен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мұндай кездесу «абсолютті чемпиондардың шайқасы» болар еді.