Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банктің чемпиондық жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) рингке оралуға бір қадам жақындады. Оның командасы жеңіліссіз келе жатқан даниялық Якоб Банктің (20-0, 11 КО) өкілдерімен екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге келісімге келді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Даниялық боксшының менеджері Спенсер Браун тараптардың жекпе-жек өткізу жөнінде ортақ мәмілеге келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Әлімханұлы мен Банк желтоқсан айында Копенгагенде кездесуі тиіс. Алайда бокс кешінің нақты күні әзірге жарияланған жоқ.
Осылайша, екі боксшының командасы Дүниежүзілік бокс ұйымы белгілеген мерзім ішінде келісімге келіп үлгерді. 22 қыркүйекте WBO рейтингтің бірінші нөміріндегі Әлімханұлы мен үшінші орында тұрған Банкті бос чемпиондық белбеу үшін келіссөз бастауға міндеттеген еді. Тараптарға мәмілеге келу үшін 15 күн берілді. Егер келісім жасалмаса, промоутерлік сауда өткізілуі тиіс болатын.
WBO чемпиондық белбеуі Хамза Шираздың шешімінен кейін бос қалды. Бұған дейін британдық боксшы Әлімханұлына қарсы міндетті титул қорғау жекпе-жегін өткізуі керек еді. Алайда промоутерлік саудадан кейін Шираз бұл кездесуден бас тартып, чемпиондық атағын өз еркімен босатты.
Осыдан кейін WBO келесі қолжетімді үміткер ретінде Якоб Банкті таңдады. Ал рейтингте екінші орында тұрған Диего Пачеко басқа бағытты таңдады және қазір Дариус Фулгумға қарсы жекпе-жекке дайындалып жатыр.
33 жастағы Әлімханұлы үшін бұл жаңа салмақ дәрежесіндегі алғашқы жекпе-жек болмақ. Қазақстандық боксшы жазда орта салмақтан біржола екінші орта салмаққа ауысып, өзіне тиесілі WBO белбеуін босатқан еді. 76,2 келіге дейінгі дивизионға көтерілгенге дейін Жәнібек WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.
Ал Якоб Банк мансабындағы ең маңызды жекпе-жекке әлі жеңіліс көрмеген күйде келеді. 25 жастағы даниялық кәсіпқой бокста өткізген 20 кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, оның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.
2026 жылы Банк бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скаллды нокаутқа түсірді, кейін Паулинус Нджолонимуды мерзімінен бұрын жеңді. Соңғы жекпе-жектерінің бірінде ол Павел Аугустаны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен ұтты.