Жировтың даулы пікірі. Олимпиада чемпионы Головкиннің Даңқ залына енуіне не деді?
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы олимпиада чемпионы, даңқты боксшы Василий Жиров Геннадий Головкиннің Халықаралық бокc Даңқ залына енгізілуіне алғаш рет өз көзқарасын білдірді. Спорттық шежіреге есімі алтын әріппен жазылған Жиров Головкинді құттықтай отырып, өзі де осы мәртебелі тізімде бұрыннан бар екенін еске салды - тек бұл жайт туған елінде сирек айтылатынын атап өтті.
Оқиғаға пікір білдірген ол әріптесінің жетістігіне қуанышты екенін, бірақ өзінің жолы да оңай болмағанын жеткізді.
«Ол үшін қуаныштымын. Ол менің ізіммен келе жатыр. Мен өзім де сол тізімдемін - ең алғашқы болып енгенмін. Тек бұл туралы сол кезде америкалық газеттер жазды, ал біздің басылымдар неге екені белгісіз, мән бермеді», - деді Жиров.
Айта кетейік, дәл осы Василий Жиров қазақстандық боксшылардың кәсіби аренаға жол ашқан алғашқы өкілі саналады. Ол IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып, 2023 жылы АҚШ-тың Жекпе-жек өнері Даңқ залына енгізілген болатын.
Ал 4 желтоқсанда Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс Даңқ залының мүшесі атанды.