Жеңілмегенді тізе бүктірді. Бекбауов кәсіпқой рингтегі жолын жарқын жеңіспен бастады
11 шілде күні Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде Қазақстанның үздік әуесқой спортшыларының бірі – Дулат Бекбауов өз мансабындағы жаңа кезеңді бастады. Әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері рингтегі алғашқы кездесуін сенімді жеңіспен аяқтап, жанкүйер үмітін ақтады.
Бекбауовтың қарсыласы осыған дейін жеңіліп көрмеген әзербайжандық Ниджат Хасанов болды (5–0–2, 2 KO). Жекпе-жек жартылай орта салмақта өтті және сегіз раундқа жоспарланған еді. Алайда бесінші раундтан кейін Хасановтың бұрышы кездесуді жалғастырудан бас тартты – жарақат тым күрделі болып шықты.
Осылайша, Дулат кәсіпқой деңгейдегі алғашқы жекпе-жегінде айқын басымдықпен жеңіске жетіп, өзінің техникалық шеберлігі мен төзімділігін көрсетті. Ал оның қарсыласы бұл кеште алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.
Айта кетейік, дәл осы бокс кешінде тағы бір қазақстандық жас спортшы Елнұр Сүйінбай да кәсіпқой мансабын сәтті бастады. Ол Қырғызстан өкілі Жаркынбек Жакыпбек уулун ұпай санымен жеңіп, мансабындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.