Жаңартылған WBC рейтингі: Нұрмағанбет үздік 15 қатарында, Дычко төмендеді
Қазақстандық боксшылар WBC-тің жаңа рейтингінде әртүрлі орындарға жайғасты
ФОТО: Getty Images
Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) салмақ дәрежелері бойынша жаңартылған рейтингін жариялады.
Қазақстандықтар арасында ең үлкен серпіліс екінші орта салмақта өнер көрсететін Бек Нұрмағанбетке тиесілі — ол бірден төрт сатыға көтеріліп, 15-орынға шықты. Ал Али Ахмедов бір орынға төмендеп, 29-сатыға түсіп қалды.
Ауыр салмақта Иван Дычко екі позиция жоғалтып, қазір 34-орында тұр.
Орта салмақта Мейірім Нұрсұлтанов көш бастап тұр — ол әлем чемпионы Карлос Адамеске (Доминикан Республикасы) міндетті қарсылас ретінде бірінші орында қалды.
Қалған өзгерістер:
- Садриддин Ахмедов бірінші жартылай орта салмақта 32-орыннан 33-ке жылжыды.
- Данияр Елеусінов жартылай орта салмақта 30-орнын сақтап қалды.
- Батыр Жүкембаев бірінші жартылай орта салмақта 29-дан 32-орынға төмендеді.
- Сұлтан Заурбек екінші жеңіл салмақта 16-дан 18-сатыға сырғыды.
Санжар Тәшкенбайдан тосын сый бола ма? АҚШ-та аңызға айналған боксшының жетекшілігімен жаттығу өткізді.