Видео. «Ат, миллиондар және құрмет». Әлем чемпионы Қазақстанда батырдай қарсы алынды
Қазақстандық боксшы, әлемдік деңгейдегі спорт шебері Сәкен Бибосынов Шымкент қаласындағы Орталық Азия инновациялық университетіне арнайы барып, өзіне көрсетілген құрметке куә болды. Айта кетерлігі, дәл осы жоғары оқу орны – чемпионның білім алған алтын ұясы.
Университет басшылығы атақты түлегінің халықаралық аренадағы зор жетістігін жоғары бағалап, салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Шара барысында Сәкен Бибосыновқа ұлттық дәстүрге сай шапан жабылып, 2 миллион теңгелік сертификат табысталды. Сонымен қатар спортшыға асыл тұқымды тұлпар сыйға тартылды. Бұл – чемпионның еңбегіне деген терең құрметтің белгісі болды.
Кездесу барысында Сәкен Бибосынов студенттер мен оқытушыларға арнаған сөзінде көрсетілген ілтипаттың өзі үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қолдау – алдағы спорттық жолында үлкен жауапкершілік пен жігер сыйлайтын рухани күш.
Бұл құрметтің басты себебі – боксшының IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионатындағы жарқын жеңісі. Дубайда өткен дүбірлі додада 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов турнирді сенімді түрде өткізіп, әлемдік әуесқой бокстағы көшбасшылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.