Төрехан Сабырхан кәсіпқой боксқа ауысатынын мәлімдеді
Қазақстанның болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшысы Төрехан Сабырхан кәсіпқой боксқа ауысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарынан кейін кәсіпқой боксқа ауысатынын айтты.
«АҚШ-та алдымен физикалық күшімізді арттыруға көңіл бөлдік, кейін америкалық және мексикалық боксшылармен спарринг өткіздік. Алдымен төрт раундтан бастадық, кейін сегіз раундқа дейін жеткіздік. Ахметовпен тең түскен боксшымен де спарринг өткіздім.
Кәсіпқой бокс маған өте ұнады. Енді, Алла қаласа, Қазақстан халқы менен Олимпиаданың „алтын“ жүлдесін күтеді. Сондықтан Олимпиада ойындарынан кейін 100 пайыз кәсіпқой боксқа өтемін», — деді боксшы Azamat Sport басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның бокс құрамасы Азиада-2026 құрамын жариялаған болатын. Осыдан кейін Қазақстан құрамасының боксшылары Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарының алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынына қатысу үшін Жапонияға аттанды.