Төрехан Сабырхан Азиада-2026 құрамына қалай таңдалғанын айтты
Төрехан Сабырхан Жапониядан оралғаннан кейін Азиада-2026 додасына дәл оның баруына не себеп болғанын айтты. Турнир алдында 70 келіге дейінгі салмақтағы таңдау Қазақстан құрамасындағы ең көп талқыланған мәселелердің біріне айналған еді. Себебі бұл салмақта тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов те басты үміткерлердің қатарында болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Сабырханның айтуынша, жарыс алдында белгісіздік пен түрлі әңгіме көп болған. Алайда шешуші сәтте жеке бапкері мен ұлттық құраманың жаттықтырушылары оған толық сенім артқан.
«Жарыс алдында түрлі әңгіме көп болды. Бірақ менің жеке бапкерім, Нұржан ағай және басқа да жаттықтырушылар маған соңына дейін сенді. Осы турнирге баруым үшін көп еңбек етті, жанымнан табылды. Сол сенімді ақтап, елге алтын медальмен оралғаныма қуаныштымын», - деді Сабырхан.
70 келіге дейінгі салмақтағы таңдау соңғы құрам жарияланбай тұрып-ақ дау тудырған. Абылайхан Жүсіповтің сол сәтте халықаралық тәжірибесі мол еді әрі Азиада қарсаңында Әлем кубогында топ жарған болатын.
Оның жеке бапкері Александр Насибулин Жүсіпов пен Сабырхан арасында арнайы іріктеу жекпе-жегі немесе спарринг өтпегенін айтып, бапкерлер штабының шешіміне қатысты сұрақ қойған.
Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те екі боксшы арасында жеке іріктеу болмағанын растаған. Оның сөзінше, соңғы шешімді ұлттық құраманың бас бапкері қабылдаған. Сонымен қатар Жүсіпов бұл таңдауды сабырмен қабылдап, алдағы жарыстарға дайындықты жалғастырған.
Нәтижесінде бапкерлер штабының Төреханға жасаған таңдауы өзін толық ақтады.
Аичи мен Нагояда өткен Азиадада 20 жастағы қазақстандық 70 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетті. Жартылай финалда ол Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевты 5:0 есебімен сенімді жеңді.
Финалда Сабырхан иорданиялық Зеяд Ишаишпен кездесті. Бұл қарсылас Төрехан үшін ерекше еді. Бірнеше ай бұрын өткен Азия чемпионатының финалында қазақстандық дәл осы боксшыға есе жіберіп, күміс жүлдемен қалған болатын.
Азиада финалында бәрі басқаша өрбіді. Сабырхан алғашқы екі раундта басымдық алып, жекпе-жек соңында төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Төрехан Ишаиштен реванш алып қана қоймай, Азиада чемпионы атанды.
Бұл алтын Қазақстан боксы үшін де ерекше маңызға ие болды. Ерлер арасында қазақстандық боксшылар Азиадада соңғы рет 2014 жылы чемпион атанған еді. Яғни арада 12 жыл өткен соң Қазақстан ерлер боксы қайтадан алтын медальға қол жеткізді.