Қорықты ма? Адамес Жәнібекпен абсолют чемпион атағы үшін жұдырықтасу мүмкіндігін жіберіп алды
Орта салмақтағы ең күткен жекпе-жектердің бірі - қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен WBC белбеуінің иегері Карлос Адамес арасындағы айқас өтпейтін болды. Бұл жайлы Сауд Арабиясындағы ірі бокс кештерін ұйымдастыруға тікелей атсалысып жүрген ықпалды инвестор, корольдік әулеттің кеңесшісі Турки әл аш-Шейх мәлім етті.
Алғашында жекпе-жек Сауд Арабиясында өтетін атақты «Чемпиондар түні» шоуының бір бөлігі болады деп жоспарланған. Жәнібек WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы ретінде ұсынылған шарттарды қабылдап, толық келісімін берді. Алайда доминикандық Карлос Адамес белгіленген мерзім ішінде нақты жауап бермеген.
«Мен Адамеске өте тиімді ұсыныс жасадым. Бірақ ол төрт-бес күн бойы үнсіз қалды. Бұл анықсыздық пен жауапсыздық келісімнің болмауына себеп болды. Ақыры мен өз ұсынысымды қайтарып алдым. Жәнібек дайын еді, ал Адаместен хабар келмеді», – деді Турки әл аш-Шейх Thaboxingvoice эфирінде.
Айта кетерлігі, Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін де бірнеше рет Адаместі жекпе-жекке ашық түрде шақырды. Әлеуметтік желілер мен сұқбаттарында ол қарсыласын «жалған чемпион», «қорқақ», «инстаграм-боксшы» деп атап, келіссөздерді әдейі созып жүргенін сынға алған.
Адамес соңғы рет 2025 жылдың ақпан айында шаршы алаңға шықты. Ол кезде британдық Хамза Ширазбен өткізген тартысты кездесуі тең нәтижемен аяқталған болатын. Дегенмен сарапшылар мен жанкүйерлердің басым бөлігі жекпе-жек барысын талдай келе, доминикандық боксшының екінші жартысында бастаманы қолдан шығарып алғанын атап өтті. Бұл нәтиже Адаместің орта салмақтағы нағыз көшбасшы екеніне күмән туғызды.
Ал Жәнібек болса, чемпиондық атақтарын сенімді түрде қорғап келеді. Сәуір айында ол франциялық қарсыласы Анаэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа жіберіп, өзінің мықты спорттық формасын тағы бір мәрте дәлелдеді.