Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов кәсіпқой боксқа ауысу мүмкіндігін жоққа шығармайды
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әрі 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстың жетекші промоутерлерінен тұрақты түрде ұсыныстар алып жатқанын айтты. Дегенмен, боксшы қазіргі басты мақсаты – ұлттық құраманың сапында өнер көрсету екенін алға тартып, болашақ жайлы шешімдерді асықпай қабылдайтынын мәлімдеді.
«Ұсыныстар бар, бірақ әзірге бар назарым Қазақстан құрамасының сапындағы жарыстарға бағытталған. Нақты шешім қабылдайтындай уақыт келген жоқ. Егер жақсы ұсыныс түсіп, болашағыма сенімді болсам, кәсіпқой боксқа көшу жағын ойлануға болады», – деді ол «Спорт Министрі» YouTube арнасына берген сұқбатында.
Сәкеннің айтуынша, мұндай маңызды қадамға бармас бұрын ол ұлттық құраманың бас бапкерімен, жеке жаттықтырушысымен және Қазақстан бокс федерациясымен ақылдаспақ.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов қазіргі таңда әуесқой боксшылар арасындағы ең мықтылардың бірі саналады. BoxRec рейтингінде ол 51 келіге дейінгі салмақта әлемнің бірінші нөмірлі боксшысы болып тұр.