Сәкен Бибосынов жеңіл салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің көшбасшысы атанды
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов әлемдік жеңіл салмақ (51 кг дейін) рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Бұл нәтиже оған 15-19 сәуір аралығында Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Константин Коротковты еске алу халықаралық турниріндегі жеңісінен кейін бұйырды.
Бибосынов бұл турнирде өзінің салмағынан жоғары, яғни 54 келіде сынға түсті. Соған қарамастан, ол жоғары деңгейдегі шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Финалда Сәкен ресейлік Денис Пальшинмен кездесіп, тартысты өткен жекпе-жекте жеңіске жетті. Жартылай финалда ол өзбекстандық Фарезбек Дусматовты айқын басымдықпен ұтып, финалға жолдама алған болатын.
Бұл жеңістер BoxRec рейтингінде Бибосыновтың ұстанымын нығайтып, оны жеңіл салмақ дәрежесінде көшбасшы етті. Турнирде 54 келіде жұдырықтасқанымен, BoxRec оны 51 келідегі көрсеткіштеріне қарай бағалайды.
Сәкен Бибосынов - Қазақстанның ең танымал боксшыларының бірі. Ол 2021 жылғы әлем чемпионы, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.