locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Назым Қызайбай алтынсыз қалды: бокстан Қазақстан чемпионатының қорытындысы

Таразда бокстан Қазақстанның 20 чемпионы анықталды
Бокс
Назым Қызайбай алтынсыз қалды: бокстан Қазақстан чемпионатының қорытындысы
ФОТО: olympic.kz

Таразда бокстан 2026 жылғы Қазақстан чемпионаты аяқталды. 30 қазан мен 6 қараша аралығында өткен ел біріншілігіне 20 өңірден 369 спортшы қатысты. Сегіз күнге созылған жарыста ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынып, ел чемпиондарының есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Ерлер арасындағы бәсекеде 50 келі салмақта Жамбыл облысының өкілі Нұрзат Оңғаров, 55 келіде Қызылорда облысының боксшысы Нұрсұлтан Алтынбек, ал 60 келіде Жетісу облысының спортшысы Әділбек Қожахан алтын медаль иеленді.

65 келі салмақ дәрежесінде Шымкент өкілі Абзал Серік финалда Түркістан облысының боксшысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлын жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Ал 70 келіде Фарух Тоқтасынов (Алматы), 75 келіде Нұрбек Мұрсал (Алматы) және 80 келіде Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

85 келі салмақта Астана атынан сынға түскен Темірлан Мұқатаев топ жарды. 90 келіде Ақтөбе облысының өкілі Дәулет Төлемісов чемпион атанса, аса ауыр салмақта (90 келіден жоғары) алматылық Данияр Рахимбердинов алтын медаль жеңіп алды.

Әйелдер арасындағы финалдық кездесулер де тартысты өтті. 48 келіде Гүлназ Бөрібаева, ал 51 келіде Анита Әдішева қарсыластарынан басым түсті. Екі спортшы да Қарағанды облысының намысын қорғады.

Ел біріншілігіндегі ең көп талқыланған жекпе-жектердің бірі 54 келі салмақта өтті. Шымкенттік Элина Базарова финалда үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайды төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебімен жеңіп, Қазақстан чемпионы атағын сақтап қалды. Осылайша, тәжірибелі Қызайбай жарысты күміс жүлдемен аяқтады.

Әйелдер арасындағы өзге салмақтарда Ұлжан Сәрсенбек (57 келі, Түркістан облысы), Виктория Графеева (60 келі, Алматы), Аида Әбікей (65 келі, Қарағанды облысы), Бақыт Сейдеш (70 келі, Алматы) және Шұғыла Нәлібай (75 келі, Түркістан облысы) чемпион атанды.

Ал 80 келіде Қостанай облысының өкілі Надежда Рябец жеңіске жетсе, 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алматылық Елдана Тәліпова алтын медаль иеленді.

Қай өңірдің боксшылары ең көп медаль жеңіп алды?

Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Алматы қаласы көш бастады. Оңтүстік астана спортшылары алты алтын, төрт күміс және төрт қола медаль жеңіп алып, барлығы 14 жүлдеге қол жеткізді.

Алматыға чемпиондық атақтарды Фарух Тоқтасынов, Нұрбек Мұрсал, Данияр Рахимбердинов, Виктория Графеева, Бақыт Сейдеш және Елдана Тәліпова әкелді.

Екінші орынға Қарағанды облысы жайғасты. Өңір боксшылары үш алтын, үш күміс және алты қола медаль еншіледі. Үш алтынның барлығын әйелдер құрамасының өкілдері Гүлназ Бөрібаева, Анита Әдішева және Аида Әбікей жеңіп алды.

Үздік үштікті Шымкент қаласы түйіндеді. Шымкенттік спортшылар үш алтын, үш күміс және бір қола медаль иеленді. Ел чемпионы атанғандар - Абзал Серік, Санжар-Әли Бегалиев және Элина Базарова.

Төртінші орынға екі алтын, төрт күміс және екі қола жүлдемен Түркістан облысы тұрақтады. Ал Жамбыл облысы бір алтын, үш күміс және жеті қола медальмен бесінші сатыдан көрінді.

Жалпы, Тараздағы ел біріншілігінде Қазақстанның 16 өңірінің спортшылары жүлдегер атанды. Алты алтын медаль жеңіп алған Алматы жалпыкомандалық есепте топ жарса, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласы үш чемпиондық атақпен жарысты аяқтады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie