«Назым мықтырақ болды»: Қызайбайдың Қазақстан чемпионатының финалындағы жеңілісі жанкүйерлер арасында қызу талқыланды
Таразда өткен бокстан Қазақстан чемпионатының финалында Назым Қызайбайдың жеңіліс табуы әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Үш дүркін әлем чемпионының жанкүйерлері төрешілер шешімімен келіспей, оның жеңіске лайық болғанын алға тартты. Ал екінші тарап Элина Базарованың шеберлігін жоғары бағалап, тәжірибелі қарсыласын жеңген жас боксшыға қолдау білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
6 қарашада әйелдер арасында 54 келі салмақ дәрежесінің финалында Алматы атынан өнер көрсеткен Назым Қызайбай Шымкент өкілі Элина Базаровамен кездесті. Алғашқы раундта тәжірибелі Қызайбай басымдық танытқанымен, кейінгі екі кезеңде төрешілердің басым бөлігі оның қарсыласын үздік деп таныды.
Нәтижесінде Базарова төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атағын қорғап қалды. Ал Қызайбай ел біріншілігін күміс медальмен аяқтады.
Sports24.kz Қазақстан бокс федерациясы мен спорттық парақшалардың Instagram желісіндегі жарияланымдарына жазылған пікірлерді жинақтады.
Жанкүйерлердің бір бөлігі төрешілердің шешіміне күмән келтіріп, Қызайбайдың соққылары анағұрлым дәл болғанын және техникалық тұрғыдан басым түскенін атап өтті.
«Назым мықтырақ болды. Неге жеңісті Элинаға бергені түсініксіз. Бейнежазбадан Қызайбайдың жеңгені анық көрінеді», – деп жазды жанкүйерлердің бірі.
Өзге қолданушылар да осы пікірді қолдады.
«Қызайбай күштірек көрінді», – делінген пікірлердің бірінде.
«Элина да жақсы жұдырықтасты, бірақ Назымның соққылары дәлірек болды», – деп жазды тағы бір жанкүйер.
Тағы бір қолданушы бастапқыда Базарованың жеңіске жеткенін қалағанымен, кездесу қорытындысында оның басымдығына толық көз жеткізе алмағанын айтты.
«Элинаның Назымнан мықты болып, жеңіске жеткенін тілеген едім. Жеңісті берді, бірақ әзірге Базаровадан Назым мықты емес деп айта алмаймын. Назым соққыларды таза әрі дәл орындады, техникасы да жақсы көрінді. Элинаға сәттілік тілеймін. Ал Назымға алғыс айтамын, оның әлі де берері көп», – деп пікір білдірді желі қолданушысы.
Дегенмен барлық жанкүйер Қызайбайдың басым түскенімен келіскен жоқ. Кейбірі кездесуді раундтар бойынша талдап, Базарованың жеңісін заңды деп есептеді.
«Жекпе-жекті толық көрдіңдер ме? Бірінші раунд Назымға тиесілі болды. Екінші раундта Элина дәлірек соқты, ал үшінші раундта Назым шаршап қалды. Тек қысқа бейнеүзіндіге қарап баға бермеңдер», – деп жазды бір қолданушы.
Басқа жанкүйерлер де шымкенттік спортшының өнеріне оң баға берді.
«Элина сенімді жұдырықтасты».
«Элина да жақсы өнер көрсетті», – деп жазды олар.
Талқылау барысында әйелдер боксындағы буын алмасу мәселесі де көтерілді. Жанкүйерлердің бір бөлігі жас спортшыларға ұлттық құрама сапында көбірек мүмкіндік беру қажет деген пікір білдірді.
«Енді жастарға жол беру керек», – деді пікір қалдырушылардың бірі.
«Назымның қазақ боксына қосқан үлесі зор. Енді жастарға мүмкіндік берілгені дұрыс. Элина өте мінезді, мықты қыз», – деп жазды тағы бір қолданушы.
Кейбір жанкүйерлер Базарованың жеңісін алдағы халықаралық жарыстармен, соның ішінде 2028 жылғы Олимпиада ойындарымен байланыстырды.
«Енді Олимпиадаға баруға мүмкіндігің арта түсті. Техникаңды, жылдамдығыңды және бокстағы ойлау қабілетіңді жетілдіре бер. Дайындалуға әлі уақыт бар», – деп кеңес берді жанкүйерлердің бірі.
Ал Қызайбайды қолдаушылар бір жеңіліске бола оның бұған дейінгі жетістіктерін жоққа шығаруға болмайтынын еске салды.
«Назым чемпион болғанда бәрің қуандыңдар. Енді жеңілгеннен кейін кәрі деп жазып жатқандарың жаман екен. Бір жеңіліс оның еңбегін жоққа шығармайды», – деп жазды желі қолданушысы.
«Назым біз үшін бәрібір чемпион», – деді тағы бір жанкүйер.
Пікірталасқа қатысқандар арасында екі боксшыны бір-біріне қарсы қоймауға шақырғандар да болды.
«Екі қыз да өзіміздің қазақ қыздары. Қайсысы жеңсе де, бәрімізге ортақ жетістік. Ең бастысы – өз арамыздағы бәсекелестік емес, халықаралық жарыстарда мықты қарсыластарды жеңіп, қазақ боксының деңгейін көтеру», – деп жазды жанкүйерлердің бірі.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы және Париж Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол Қазақстан чемпионатының жартылай финалында Жайна Шекербекованы 5:0 есебімен жеңген болатын.
Ал 22 жастағы Элина Базарова 2022 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. 2025 жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында алғаш рет алтын медаль иеленді. Бұл жолы Назым Қызайбайды жеңіп, ел чемпионы атағын сақтап қалды.
Осылайша, Тараздағы финал 54 келі салмақ дәрежесіндегі Қазақстан чемпионын анықтап қана қоймай, отандық әйелдер боксындағы бәсекелестік туралы пікірталасқа ұласты. Бірі төрешілер шешімін әлі де талқылап жатса, енді бірі Қызайбай мен Базарова арасындағы бәсеке екі спортшының да халықаралық аренада жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашады деп сенеді.