Міндетті үміткер атағы үшін жекпе-жек: WBO Жәнібектің қарсыластарын анықтады
Орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуіне үміткер анықталмақ. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) британдық Дензел Бентли (21-3-1, 17 KO) мен Венесуэла өкілі Эндри Сааведраның (17-1-1, 14 KO) арасындағы іріктеу жекпе-жегін өткізуге ресми түрде келісім берді.
Бұл кездесудің жеңімпазы қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) WBO белбеуіне ресми үміткер атанады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бентли Жәнібекке ашық түрде реванш ұсынып, жекпе-жекті Ұлыбританияда өткізгісі келетінін мәлімдеген еді. Тіпті, қос боксшы 19 шілде күні «Уэмбли» стадионында, Александр Усик пен Даниэль Дюбуа арасындағы айқастың андеркардында шаршы алаңға шығуы мүмкін деген болжам болды. Алайда бұл жоспар жүзеге аспады.
Енді британдық спортшы үшін Әлімханұлымен қайта жолығу мүмкіндігі тек Сааведраны жеңу арқылы жүзеге аспақ.
Айта кету керек, Бентли мен Жәнібек 2022 жылдың қараша айында алғаш рет кездесіп, сол жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен болатын.