Милана Сафронова кәсіби рингтегі алғашқы жекпе-жегін Ыстамбұлда өткізеді
Қарағанды облысының тумасы, қазақ боксшысы Милана Сафронова 2 шілде күні Түркияның Ыстамбұл қаласында алғаш рет кәсіпқой рингке шығады. Оның қарсыласы – түрік боксшысы Гюльсюм Сейма Татар. Жекпе-жек Rixos Tersane Istanbul аренасында өтеді.
34 жастағы Сафронова бұған дейін әуесқой бокста ел намысын қорғап, бірқатар жетістіктерге жеткен. Ол 2019 жылы әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, 2021 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, 2018 және 2020 жылдары Қазақстан чемпионы болды.
Ал оның қарсыласы – 40 жастағы Гюльсюм Сейма Татар кәсіпқойлар арасында төрт жекпе-жек өткізіп, екі рет жеңіп, екі рет жеңіліп қалған.
Милана Сафронова биыл ақпанда кәсіпқой боксқа ауысатынын ресми түрде мәлімдеген еді. Алдағы жекпе-жек оның жаңа деңгейдегі мансабының бастамасы болмақ.