Ливерпульдегі сенсация: Қазақстандық чемпион әлем чемпионатынан ұшып кетті
Қазақстан боксы Ливерпульде өтіп жатқан 2025 жылғы World Boxing әлем чемпионатында кезекті ауыр соққы алды. Жанкүйерлер үлкен үміт артқан Бекзат Нұрдәулетов 1/8 финалда рингке шығып, сенсациялық түрде жарысты ерте аяқтады.
85 келіге дейінгі салмақтағы кездесуде ол Грузия өкілі Георгий Кушиташвилимен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта қазақстандық айқын басымдық танытып, төрешілерден бір ауыздан 5:0 есебін алды. Алайда қалған екі раундтың тағдыры шешуші болып, айқас соңында қазылар жеңісті қарсыласына берді – бөлек шешіммен.
Айта кету керек, Бекзат Нұрдәулетов биылғы шілдеде Астанада өткен World Boxing әлем чемпионатында алтын медаль иегері атанған болатын. Бірақ Ливерпуль төрінде оған сол табысты қайталау бұйырмады.
Бұған дейін дәл осы турнирді Сабыржан Аққалыков (75 кг) та ерте аяқтаған еді. Ол да Астанадағы әлем чемпионатында топ жарып, алтын алған, алайда Англияда алғашқы жекпе-жегінде-ақ сүрінді.