Біріккен жекпе-жек көкжиекте: Жәнібек Әлімханұлы Карлос Адамеспен кездесуі мүмкін
WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 КО) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 КО) қарсы титулдарды біріктіру жекпе-жегін өткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады.
Жәнібек қазіргі таңда WBO және IBF белбеулерінің иегері.
Бұл келіссөздердің басталғаны туралы доминикандық боксқа жақын инсайдер - Broadway Joel хабарлады.
«Қазіргі таңда Жәнібекпен біріккен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туып отыр. Біз Top Rank промоутерлік компаниясымен келіссөздер жүргізіп, жекпе-жекті ұйымдастырудың ең тиімді жолдарын қарастырудамыз. Басты мақсат - жоғары деңгейде өнер көрсетіп, чемпиондық белбеулерді біріктіру», - деді Адамес америкалық БАҚ-қа берген сұхбатында.
Адамес соңғы рет 22 ақпанда Эр-Рияд қаласында рингке шықты. Бұл кездесуде ол әзірге жеңіліп көрмеген британдық Хамза Ширазбен (21-0-1, 17 КО) тең түсті.
Ал Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 5 сәуір күні Астанада өткізді. Ол франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 КО) бесінші раундта нокаутқа түсіріп, айқын жеңіске жетті.
Адамес пен Әлімханұлы арасындағы жекпе-жек орта салмақтағы ең көп күтілетін кездесулердің біріне айналуы мүмкін. Кездесудің нақты уақыты мен орны алдағы уақытта жарияланады деп күтілуде.