Жәнібек Әлімханұлы - BoxRec нұсқасы бойынша Қазақстанның сәуір айындағы үздік боксшысы
BoxRec халықаралық сайты 2025 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік кәсіпқой боксшыларының жаңартылған рейтингін жариялады. Алдыңғы айдағыдай, тізімді орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) бастап тұр.
5 сәуірде Астанада өткен жекпе-жекте Жәнібек франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсіріп, қос белдігін сәтті қорғап шықты.
Рейтингтің екінші сатысына әлі жеңіліп көрмеген Сұлтан Зәуірбек (20-0, 13 КО) орнықты. Ол да сол кеште жеңіске жетіп, өз орнын бекемдеді. Үздік үштікті Бекман Сойлыбаев (20-1, 11 КО) түйіндеп тұр.
BoxRec нұсқасы бойынша Қазақстан боксшыларының үздік ондығы:
1. Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО)
2. Сұлтан Зәуірбек(20-0, 13 КО)
3. Бекман Сойлыбаев (20-1, 11 КО)
4. Батыр Жүкембаев (24-1, 17 КО)
5. Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО)
6. Бек Нұрмағамбет (14-0, 12 КО)
7. Елшат Ниғметолла (21-0-1, 8 КО)
8. Руслан Мадияров (17-2, 6 КО)
9. Садриддин Ахмедов (15-0-1, 13 КО)
10. Сергей Липинец (18-4-1, 13 КО)
Сәуір айы қазақстандық кәсіпқой боксшылар үшін өте қарқынды өтті. Батыр Жүкембаев Астанада кезекті жеңісіне қол жеткізсе, 6 сәуірде Филадельфияда Бек Нұрмағамбет алғашқы раундта техникалық нокаутпен 14-жеңісіне жетті. Ал Садриддин Ахмедов Калифорнияда мексикалық Элиас Эспадаспен кездесіп, мансабындағы алғашқы тең нәтижесіне қол жеткізді.