Бір финалист және екі жеңіліс: Қазақстан боксшілері Әлем кубогының екінші күнінде қалай өнер көрсетті
Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан World Boxing-2026 Әлем кубогының финалдық кезеңінің екінші күнінде Қазақстан боксшілері төрт жекпе-жек өткізді. Ел спортшылары екі жеңіске жетіп, екі рет жеңіліс тапты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақтағы жартылай финалда Карина Ибрагимова 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сербиялық Наталья Шадринамен кездесті. Қазақстандық боксшы төрешілердің бөлінген шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетіп, турнир финалына жолдама алған ұлттық құраманың алғашқы өкілі атанды. Осылайша, Ибрагимова жарыстың кем дегенде күміс жүлдесін қамтамасыз етті.
Ерлер арасында 70 келіге дейінгі салмақтағы ширек финалда Фарух Токтасынов Қырғызстан өкілі Ихтиер Нишоновпен қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы жекпе-жекті сенімді өткізіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Токтасынов жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола медальды қамтамасыз етті. Финалға берілетін жолдама үшін қазақстандық Польша өкілі Дамиан Дуркачпен жұдырықтасады.
Әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Бақыт Сейдиш 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, қытайлық Ян Люмен кездесті. Үш раунд қорытындысында төрешілердің барлығы Қытай спортшысына басымдық беріп, 5:0 есебімен жеңісін тіркеді. Қазақстандық боксшы ширек финалда жарыс жолын аяқтады. 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Аман Қонысбеков те жартылай финалға өте алмады. Оның қарсыласы ресейлік боксшы Сергей Сергеев болды. Қазақстандық бастаманы қолға алып, қысымды күшейтуге тырысқанымен, ресейлік қарсы шабуылдарды сәтті қолданып, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Әлем кубогының екінші күніндегі Қазақстан боксшыларының нәтижелері
- 57 кг, әйелдер: Карина Ибрагимова - Наталья Шадрина (Сербия) 4:1, финалға шықты.
- 70 кг, ерлер: Фарух Токтасынов - Ихтиер Нишонов (Қырғызстан) 5:0, жартылай финалға шықты.
- 70 кг, әйелдер: Бақыт Сейдиш - Ян Лю (Қытай) 0:5, ширек финалда жеңілді.
- 75 кг, ерлер: Аман Қонысбеков - Сергей Сергеев (Ресей) 1:3, ширек финалда жеңілді.
Осылайша, жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан бір финалдық және бір жартылай финалдық жолдама иеленді.