Бангкоктағы Азия чемпионаты: Қазақстан жастар құрамасының U-19 жолының қорытындысы
World Boxing ұйымы ұйымдастырған Бангкоктағы жастар арасындағы Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сезім мен нәтиженің кереғар алаңы болды – триумфқа толы алтын сәттерден бастап, шешуші жекпе-жектердегі жанға бататын жеңілістерге дейін. Жеті финалдың тек екеуінде ғана біздің боксшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Алтын жүлдені қанжығалағандар – Құралай Егінбайқызы мен Расул Асанханов.
90 келіге дейінгі салмақта Расул Асанханов үндістандық Хемант Сангванмен шаршы алаңға шығып, екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Осы сәттен кейін ол айқасты толық бақылауға алып, төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіске жетті.
Ерлер құрамасындағы қалған финалистер алтынға жете алмады. 60 келіде Әділет Тортубек ирандық Али Чехреганиден, 70 келіде Бейбарыс Әшірбай, 80 келіде Тимур Тайбеков және 85 келіде Нұрсұлтан Қыстаубай өзбек қарсыластарына жол берді.
Әйелдер арасында жағдай сәл оң болды. 80 келідегі Құралай Егінбайқызы үндістандық Критика Васанға қарсы өткен тартысты жекпе-жекте төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіске жетіп, алтынды ел қоржынына қосты. Ал 57 келіде Аяжан Ермек үндістандық Мусканмен өткен шайқаста соңғы раундтарға дейін тайталасқанымен, жеңісті қарсыласына берді.
Осылайша, жеті финалдың екеуінде ғана Қазақстан әнұраны шырқалды. Бұл екі алтын да спортшылардың бар күш-жігері мен төзімділігінің жемісі болды.
Енді жанкүйерлер назарын 11 тамызға аударады – осы күні U-22 жас санатында тоғыз қазақстандық боксшы рингке шығады. Олардың қатарындағы бес ер боксшы тағы да өзбек спортшыларымен күш сынасады.