Азиада-2026: Қазақстан мен Өзбекстаннан қанша боксшы финалға шықты?
Азия ойындарындағы бокс бәсекесі шешуші кезеңге жетті. Жартылай финалдар аяқталғаннан кейін алтын медаль үшін жұдырықтасатын барлық боксшылар анықталды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дәстүрлі бәсекеде әзірге финалистер саны бойынша өзбек құрамасының басымдығы бар, деп хабарлайды Sports24.kz.
Өзбекстан финалға үш боксшы шығарса, Қазақстаннан екі спортшы алтын үшін жұдырықтасады. Екі елдің де финалистері тек ерлер арасында өнер көрсетеді. Әйелдер боксында Қазақстаннан да, Өзбекстаннан да финалға шыққан спортшы жоқ.
Қазақстан атынан шешуші жекпе-жектерге Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта және Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта шығады. Төрехан жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевты 5:0 есебімен сенімді жеңді. Ал Айбек Оралбай бұған дейін Үндістан өкілі Нарендерді төрешілердің бірауызды шешімімен ұтқан.
Өзбекстан құрамасынан финалға үш боксшы жетті. Абдумалик Халоков 60 келіге дейінгі салмақта, Турабек Хабибуллаев 90 келіге дейінгі санатта, ал Жахонгир Зокиров аса ауыр салмақта алтын медаль үшін жұдырықтасады.
Ең қызық финалдардың бірі 90 келіден жоғары салмақта өтеді. Бұл санатта Айбек Оралбай мен Жахонгир Зокиров кездеседі. Яғни Қазақстан мен Өзбекстан алтын медаль үшін тікелей бір-біріне қарсы шығады.
Ал Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездеседі. Бұл жекпе-жектің де өзіндік тарихы бар. Төрехан бұған дейін 2026 жылғы Азия чемпионатының финалында иорданиялық боксшыға есе жіберген. Кейін ол дәл осы қарсыласпен қайта кездесіп, қарымта қайтарғысы келетінін айтқан еді.
Осылайша, финалдар алдындағы есеп: Өзбекстан – үш боксшы, Қазақстан – екі боксшы. Бірақ екі құраманың турнирді қаншалықты сәтті аяқтайтыны алтын жекпе-жектерден кейін белгілі болады. Финалдар 2 қазанда өтеді.