Қазақстан – Өзбекстан: ширек финалда дерби күтілуде
2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай ширек финалға жолдама алды.
80 келіге дейінгі салмақтағы жекпе-жекте ол Қытай атынан сынға түскен этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатханды сенімді түрде жеңді. Төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық спортшыға берді.
Келесі айналымда Оралбайдың қарсыласы 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, өзбекстандық Жавоҳир Умматалиев болмақ. Ол 1/8 финалда оңтүстіккореялық Минсон Кимді тізе бүктірді. Бұл кездесудің жеңімпазы кем дегенде әлем чемпионатының қола жүлдесін қамтамасыз етеді.
Бұған дейін ширек финалға Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева және Махмұд Сабырхан да шыққан еді.
Айта кетейік, Ливерпульдегі бұл турнир World Boxing ұйымының аясында ересектер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс 14 қыркүйекте аяқталады.
Сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлы Қазақстан құрамасының боксшыларын қолдады.