Қазақстан әлем чемпионатында үшінші жүлдені қамтамасыз етті: Елдана Тәліпова жартылай финалға шықты
Тәліпова жартылай финалға жолдама алды
Бокс
Арсен Алиев
Редактор
ФОТО: ҚБФ
Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатында Елдана Тәліпова ширек финалдық кезеңде қарсыласын сенімді түрде артта қалдырды.
80 келіден жоғары салмақта сынға түскен Тәліпова Жаңа Зеландия өкілі Селин Элин Дэниел Ли-Ломен қолғап түйістіріп, төрешілердің бөлек шешімі бойынша жеңіске жетті. Бұл жеңіс қазақстандық боксшыға жартылай финалға жол ашып, кем дегенде қола медальды қоржынға салуға мүмкіндік берді. Ал оның қарсыласы турнирді жүлдесіз аяқтады.
Осылайша, Елдана Тәліпова Қазақстан атынан жартылай финалға жолдама алған үшінші спортшы атанды. Бұған дейін Виктория Графеева (60 кг) мен Наталья Богданова (70 кг) үздік төрттікке шыққан болатын.