Қазақстан бокстан әлем чемпионатында алғашқы «алтынды» жеңіп алды
Зарина Толыбай Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы 19 жасқа дейінгілер арасындағы бокстан әлем чемпионатында Қазақстанға алғашқы «алтынды» сыйлады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Толыбай Черногориядағы біріншіліктің шешуші жекпе-жегінде Ресей өкілі Самира Итониевадан басым түсті. Кездесу 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өтті. Жекпе-жек үш раундтың барлығына созылып, қорытындысында төрешілер бөлінген шешіммен (4:1) Қазақстан өкіліне жеңіс берді.
Еске салайық, World Boxing эгидасымен өтетін бокстан 2026 жылғы U-19 әлем чемпионаты Будвада 16-27 қазан аралығында өтіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Данияда Жәнібек Әлімханұлының титулдық жекпе-жегіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Қазақстандық боксшы үшін алдағы жекпе-жек жаңа салмақ дәрежесіндегі дебют болады. Бұған дейін Жәнібек орта салмақта WBO және IBF чемпиондық белбеулеріне ие болған.