Қазақ боксшысы Азия ойындарында алғашқы «алтынды» жеңіп алды
Бахрейнде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қазақстандық боксшы Жұмағали Нұрмахан 50 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды.
Финалдық жекпе-жекте ол Үндістан өкілі Ланченба Сингх Мойбунгхонгбаммен қолғап түйістірді. Бастапқы минуттардан-ақ Нұрмахан қарсыласына еш мүмкіндік бермей, кездесудің толық бақылауын өз қолына алды. Бірінші раундты 5:0 есебімен, ал екіншісін 4:1 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Соңғы үш минутта да қазақстандық боксшы қарқынын бәсеңдетпей, техникалық және тактикалық тұрғыдан қарсыласынан басым түсті. Үнді спортшысының бірнеше ережені бұзғаны үшін төрешілер бір ұпайын алып тастады.
Осылайша, Жұмағали Нұрмахан төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына бокстан алғашқы алтын медальды салды.