АҚШ жерінде сенсация орын алды: Садриддин Ахмедов күтпеген нәтиже көрсетті
Кемел көрсеткішпен танылған қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов АҚШ-та өткен бокс кешінде күтпеген нәтиженің кейіпкеріне айналды.
Калифорния штатының Коммерс қаласында өткен басты жекпе-жекте ол мексикалық Элиас Эспадаспен қолғап түйістірді. Бірінші орта салмақтағы кездесу он раундқа жоспарланған болатын.
Алайда жекпе-жек тең нәтижемен аяқталып, бұл нәтиже Ахмедов үшін тосын жағдай болды. Себебі осыған дейін ол кәсіпқой рингте өткізген 15 жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жеткен еді. Эспадас үшін де бұл мансабындағы алғашқы тең есеп — бұған дейін оның еншісінде 23 жеңіс пен алты жеңіліс болған.
Бұл жекпе-жек Ахмедовтің жаңа бапкер — Геннадий Головкинмен бір кездері жұмыс істеген әйгілі Абель Санчестің жетекшілігімен өткізген алғашқы кездесуі болды. Сонымен қатар, бұл — 2025 жылғы алғашқы жекпе-жегі.
Өткен жылы ол екі қарсыласын — америкалық Антонио Тодд пен Рафаэль Игбоквені — нокаутпен жеңіп, мықты дайындық көрсеткен. Бұл жолғы кездесу жаңа маусымдағы алғашқы қадамы болғанымен, жанкүйерлерінің үмітін толық ақтамады.