Жібек Құламбаева Сербиядағы ITF турнирінің ширек финалына жолдама алды
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Сербияның Прокупле қаласында өтіп жатқан ITF W35 санатындағы турнирде кезекті жеңісіне қол жеткізді. 25 жастағы спортшы екінші айналымда жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
Жібек 1/8 финал сатысында чехиялық Люси Урбановамен кортқа шықты. Бірінші сетте басымдықты толық өз қолына алған отандасымыз 6:1 есебімен жеңіске жетіп, екінші партияны 1:0 есебімен бастаған соң, қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты. Кездесу бар болғаны 1 сағат 12 минутқа созылды.
ITF W35 Прокупле. Хард. 1/8 финал
Жібек Құламбаева (Қазақстан) — Люси Урбанова (Чехия) — 6:1, 1:0 (қарсылас матчтан бас тартты)
Бұл Құламбаеваның турнирдегі екінші сенімді жеңісі болды. Бұған дейін, яғни алғашқы айналымда ол сербиялық Александра Джокичті 6:0, 6:3 есебімен ойсырата жеңген болатын. Ол матч 1 сағат 11 минутқа созылды.
Ширек финалда Жібек Израильдің Ранел немесе Сербияның Тукакович есімді теннисшілерінің бірімен кездеседі.