Михаил Кукушкин тағы да алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалды
Қазақстандық тәжірибелі теннисші Михаил Кукушкин Испанияның Пособланко қаласында өтіп жатқан ATP Challenger турнирінің алғашқы кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды. Ол ашылу матчында Ұлыбритания өкілі Райан Пенистонға (ATP №268) 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Кездесу 1 сағат 35 минутқа созылып, Михаил айтарлықтай қарсылық көрсете алмады.
36 жастағы Кукушкин үшін бұл - соңғы айлардағы кезекті сәтсіздік. Елдің бұрынғы бірінші ракеткасы өзіне тән сенімді ойынын таба алмай, турнирлерде жиі ерте кетіп жүр.
ATP Challenger Пособланко. 1-айналым
Михаил Кукушкин (Қазақстан, №235) – Райан Пенистон (Ұлыбритания, №268) – 3:6, 4:6
Ал осы уақытта Швейцарияның Гштаад қаласында өтіп жатқан ATP 250 санатындағы турнирде қазақстандық жанкүйерлер ерекше қызығушылықпен күтіп отырған матч бар. Екінші айналымда еліміздің қос үздік ойыншысы - Александр Бублик пен Александр Шевченко кортқа шығып, өзара күш сынасады.