Испанияда Рыбакинаның Қазақстан құрамасында болмайтынына қатысты пікір білдірді
Испаниялық La Web Del Tenis порталы Қазақстан құрамасына қарсы Билли Джин Кинг кубогі матчі қарсаңында кездесуге Елена Рыбакинаның қатыспайтынына назар аударды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мақала авторлары өз пікірлерімен қатар, Испания құрамасының капитаны Карла Суарестің сөзін де келтірген. Ол мұны үлкен артықшылық деп санағанымен, осы мүмкіндікті пайдалану қажет екенін атап өтті:
«Шэньчжэньдегі ең маңызды жаңалықтардың бірі — Қазақстан құрамасының Елена Рыбакинадан соңғы сәтте күтпеген жерден айырылуы болды. Жақында US Open турнирінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілген теннисші Испанияға қарсы матчқа қатыса алмайды.
Оның болмауы Қазақстан құрамасының сапын өзгертеді және қарсыластарының құрамындағы басты жеке күштердің бірін ойыннан шығарады.
Суарес бұл жаңалыққа оң бағасын берді, алайда артықшылықты кортта дәлелдеу керектігін атап өтті.
«Бұл бізге тиімді. Бірақ оны кортта әлі дәлелдеуіміз керек және бәсекеге түсуіміз қажет. Дегенмен бұл — басқа команда үшін елеулі жоғалту, біз осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға тырысамыз».
Осылайша, ұлттық құраманың капитаны шамадан тыс сенімділікке бой алдырмайды және дәл осы ойын деңгейі мен бәсекеге дайындық аталған текетіресте шешуші фактор болатынын санайды», — деп жазылған испаниялық портал материалында.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы турнирдің финалдық кезеңіне қатысатын сегіз команданың қатарына енді. Олардың қатарында Испания, Италия, Қытай, Украина, Бельгия, Чехия және Ұлыбритания құрамалары да бар.
Ал Рыбакина жас теннисшілерге арналған шеберлік сабақтарын өткізу үшін Астана мен Алматыға келеді.