Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турниріндегі формасын таныстырды
Қазақстанның бірінші ракеткасы маусымның ең беделді турнирлерінің бірі – «Ролан Гарросқа» арналған жаңа формасын көрсетті.
20 мамыр күні әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург қаласында өткен WTA турнирінің алғашқы кезеңінде Қытай өкілі Синьюй Ванды (42-ракетка) екі сетте 6:1, 6:3 есебімен сенімді түрде жеңді. Кездесу небәрі 1 сағат 5 минутқа созылды.
Аталған турнир Рыбакина үшін маусымдағы екінші «Үлкен дулыға» жарысына дейінгі соңғы дайындық кезеңі болмақ. Париж корттарында өтетін «Ролан Гаррос» турнирі қарсаңында Елена Yonex Tennis бренді дайындаған жаңа формасын X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) көпшілікке таныстырды.
Бұл жарияланым жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ал Елена турнирдің басталуын тағатсыздана күтіп жүргенін және Парижде өзінің үздік теннисін көрсетуге ниетті екенін айтты. Соңғы кездегі нәтижелері мен жақсы спорттық формасын ескерсек, Рыбакинадан жоғары нәтиже күтуге толық негіз бар.
Бүгін, 22 мамырда, Елена WTA турнирінің екінші айналымында поляк теннисшісі Магда Линетпен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Рыбакина Страсбург турнирінде ойнау – «Ролан Гаррос» алдындағы дұрыс шешім екенін атап өткен болатын.