Елена Рыбакина Үндістандағы басты турнирден күтпеген жерден бас тартты. Не болды?
Әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина 2025 жылы 17–20 желтоқсан аралығында Үндістанда өтетін Әлемдік теннис лигасынан күтпеген жерден бас тартты. Турнир ұйымдастырушылары жедел түрде ауыстыру жасады: Қазақстан теннис жұлдызының орнын украиналық спортшы Элина Свитолина басатын болды.
Рыбакинаның бас тарту себебі жария етілген жоқ. Дегенмен бұл шешім жанкүйерлер үшін тосын жаңалық болды, себебі Бангалордағы доданың басты қызығы дәл осы Еленаның қатысуымен байланысты еді.
Осылайша, қазақстандық спортшы маусымды жарқын нүктемен аяқтады. Рыбакина соңғы матчын WTA маусымдық финалында өткізіп, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы финалда жеңіп, атақты турнирдің чемпионы атанған еді. Бұл жеңіс жыл қорытындысының ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде есте қалды.