Қазақстандық теннисші Ансар Ниеткалиев ITF Juniors жарыстарында қатарынан үш титул жеңіп алды
Қазақстандық жас теннисші Ансар Ниеткалиев ITF жасөспірімдер турнирлерінде қатарынан үш титулға қол жеткізді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Алғашқы жеңіс Түркияның Бурса қаласында өткен J30 санатындағы жарыстың ашылуында келді. Ансар финалда корт иесі, бесінші нөмірлі Берке Окумусқа қарсы сенімді ойнап, 6:2, 6:0 есебімен басым түсті.
Бір аптадан соң 14 жастағы қазақстандық тағы да Түркияда, Адана қаласында өткен J30 турнирінде ерекшеленді. Жұптық сында жерлесі Хакназар Жеткербаймен тандем құрып, Ансар түрік дуэті Гюлер/Конияны 6:7 (5:7), 6:3, 10:8 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Үшінші жеңіс туған елде тіркелді. Ниеткалиев Алматыда өткен J60 Almaty Open жарысында топ жарды. Финалда ол тәжірибелі Олжас Есеналыға еш мүмкіндік қалдырмай, 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының Португалиядағы беделді үстел теннисі турниріне қатысатыны белгілі болды. Қазақстандық спортшылар WTT Feeder Vila Nova de Gaia 2025 аясында ел намысын қорғайды.