Александр Зверев: Оны ұмытып жатыр – ал Джокович әлі де мықтылардың бірі
Әлемнің үшінші ракеткасы Александр Зверев «Ролан Гаррос» турниріндегі жеңілістен кейін Новак Джоковичке қатысты пікір білдірді. Германиялық теннисшінің сөзінше, 38 жастағы серб спортшысы әлі де керемет формада және элита арасынан өз орнын сақтап отыр.
«Қазір Новакты аздап бағаламай жатыр деп ойлаймын, шынымды айтсам. Бұл туралы сіздердің айтқандарыңыз қызық. Байқаймын, көпшілік оны есептен шығарып қойған. Бірақ ол биыл Australian Open турнирінде Алькарасқа қарсы жеңіске жетті және мені «Ролан Гаррос» алаңында ұтты. Жасты ұмытыңыздар, бұл кез келген теннисші үшін керемет нәтиже», – деді Зверев баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол сербтің әлі де үздік теннисшілерді жеңе алатынын атап өтті:
«Оның физикалық жағдайы қандай екенін және келесі матчқа қалай қалпына келетінін білгім келеді. Бірақ ол әлі де ең мықтыларды жеңіп жатыр. Бұл құрметке лайық».
Айта кетейік, Новак Джокович «Ролан Гаррос» жартылай финалында әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнермен кездеседі. Ал Синнер ширек финалда Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бүблікті жеңіп шыққан болатын.