Александр Шевченко Финикстегі Челленджер турнирінен ұшып кетті
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко АҚШ-тың Финикс қаласында өтіп жатқан “Челленджер” сериясындағы турнирдің алғашқы кезеңінен өте алмады. Ол 261-орында тұрған америкалық Колтон Смитке 1:6, 5:7 есебімен жол берді.
Челленджер, алғашқы айналым
Александр Шевченко (Қазақстан) – Колтон Смит (США) – 1:6, 5:7
Кездесу 1 сағат 6 минутқа созылды. 98-ракетка Шевченко 1 эйс жасап, 1 қос қателікке жол берді. Ал оның қарсыласы 3 эйс орындап, 3 рет қос қателік жіберді.
Бұл жеңіліс қазақстандық теннисші үшін қатарынан төртінші сәтсіздік болды. Бұған дейін ол ATP турнирлерінің екінші айналымында Рио-де-Жанейрода, ал алғашқы айналымдарда Сантьяго мен Индиан-Уэллсте қарсыластарына есе жіберген.
Келесі айналымда Колтон Смит ресейлік Роман Сафиуллинмен кездеседі.
Александр Шевченконың жарысты аяқтауына қарамастан, Қазақстанның басқа өкілдері Финикстегі негізгі торда өнер көрсетеді. Турнирге Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик және іріктеуден сәтті өткен Михаил Кукушкин қатысады.