Алғашқы грунттық жетістік: Бублик Серундолоны жеңіп, ATP титулын еншіледі
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Швейцарияның Гштаад қаласында өткен ATP 250 санатындағы турнирдің чемпионы атанды. Бұл оның кәсіби мансабындағы топырақта (грунтта) жеңіп алған алғашқы титулы болды. Финалда Бублик аргентиналық Хуан Мануэль Серундолоға (ATP №109) қарсы үш сетке созылған тартысты матчта жеңіске жетті – 6:4, 4:6, 6:3.
Ойын 2 сағат 9 минутқа созылды және Бублик үшін бұл турнирдегі ең күрделі кездесу болды. Ол алғашқы сетте сенімді ойнап басымдық танытты, бірақ екінші партияда бірнеше қателікке бой алдырды — нәтижесінде есеп теңесіп, ойын шешуші сетке өтті. Үшінші сетте Александр қайтадан сабырлы әрі сенімді ойынына оралып, шабуылда белсенділік танытып, матчты жеңіспен аяқтады.
ATP 250 Гштаад, финал
Александр Бублик (Қазақстан, №34) – Хуан Мануэль Серундоло (Аргентина, №109) – 6:4, 4:6, 6:3
Гштаадтағы бұл жеңісі үшін Александр Бублик 90 675 еуро көлемінде жүлде қаржысын иеленіп, ATP рейтингінде 250 ұпай жинады. Бұл нәтиже оның әлемдік рейтингтегі позициясын нығайтуға едәуір ықпал етеді.