Таеквондодан Қазақстан спортшылары халықаралық турнирге қатысты
Таеквондодан Қазақстан жасөспірімдер және жастар құрамасы Сербияда өткен Serbia Open G1 халықаралық жарысында өнер көрсетті.
Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық жарыста жастар құрамасы төрт алтын, бір қола жүлде еншіледі. Сондай-ақ Қазақстан жастар құрамасы медаль кестесінде жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Жастардан Нұрперзент Саматұлы (48 келі), Тасқын Теміржан (51 келі), Қанат Рахымберді (68 келі), Егор Шаптефраць (78 келіден жоғары) чемпион атанса, Бекет Болатұлы (73 келі) қола жүлдеге қол созды.
Ал жасөспірімдер құрамасы екі алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Хамзальпер Ромашкин (61 келі), Диас Байдуллаев (33 келі) алтын алса, Руслан Стацина (37 келі) күміс, Ерсұлтан Оразбекұлы (49 келі), Сұлтанмұхаммед Розиев (45 келі) және Мирас Есенгелдин (65 келі) үздік үштікке тұрақтады.
Турнирге әлемнің 30-ға жуық елінен барлығы 800-ден астам спортшы қатысты.