Ғұсман Қырғызбаев — Астанадағы «Үлкен дулыға» турнирінің күміс жүлдегері
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан беделді Grand Slam турнирі жалғасуда. Әлемнің үздік балуандарын жинаған додада Қазақстан құрамасы жарқын нәтижелерге қол жеткізуде.
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шыққан ұлттық құрама ардагері Ғұсман Қырғызбаев басты жүлде үшін ресейлік Рамазан Абдулаевпен белдесті. Grand Slam жарыстарының төрт дүркін чемпионы саналатын Абдулаев шешуші кездесуде «вазари» әдісін жасап, артықшылығын матч соңына дейін сақтап, жеңіске жетті.
Қырғызбаевтың финалға дейінгі жолы әсерлі болды - ол Түрікменстан, Оңтүстік Корея және Қытай спортшыларын жеңіп, алтынға таласуға мүмкіндік алды. Жеңіліске қарамастан, күміс жүлде - оның жоғары деңгейдегі тұрақты шеберлігін тағы бір дәлелдеді.
Аталған салмақта Қазақстан құрамасы бұған дейін үш бірдей жүлде иеленді.
Айта кетейік, турнир 11 мамырға дейін жалғасады.