Шерзод Давлатов әлем чемпионатының финалдық белдесуінде жеңілді
Қазақстандық дзюдошы Шерзод Давлатов Әзербайжанның Баку қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалдық белдесуіне шықты, деп хабарлайды Sports24.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің шешуші белдесуінде қазақстандық дзюдошы Әзербайжан өкілі Ахмад Юсифовпен кездесті. Давлатов әлем чемпионатының финалдық белдесуінде жеңіліп, күміс медаль иегері атанды. Ал алтын медальді иппон әдісімен жеңіске жеткен әзербайжандық дзюдошы еншіледі.
Еске сала кетейік, Давлатов алғашқы айналымда Тәжікстаннан келген Лоик Кудбудиновты жеңді, одан кейін Бурундиден келген Рауль Бриллиант Нганжиді ұтты. Ширек финалда Шерзод франциялық Валадье Пикардан басым түсті.
Ал жартылай финалда қазақстандық дзюдошы Жапония өкілі Рюдзу Нагаяманы сенсациялық түрде жеңді. Ол қазіргі әлем чемпионы, сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола жүлдегері
Айта кетейік, бұл Давлатовтың мансабындағы дзюдодан әлем чемпионатындағы алғашқы финалы болды.