«Алтын медаль қолдан сусып кетті»: Дәулетов – әлем чемпионаты финалындағы жеңіліс туралы
Қазақстандық дзюдошы Шерзод Дәулетов әлем чемпионатының финалындағы жеңілісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Дәулетов жеңіске жақын болған, алайда соңғы сәтте шешуші белдесуде әзербайжандық Ахмад Юсифовқа есе жіберді.
«Өздеріңіз көрдіңіздер, сәл асығыстық танытып, қателік жібердім. Өте өкінішті. Шынымды айтсам, өзімді кешіре алмаймын. Әлем чемпионатының финалында вазаримен ұтып, қарсыласым екі ескерту алған еді...
Бүгін жеңіске дайын болып келдім, әлем чемпионатына алтын медаль алу үшін аттанған едім. Өкінішке қарай, алтын медаль қолдан сусып кетті. Тағы да өте өкінішті. Баршаңызға үлкен рақмет, қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Рақмет», – деп Дәулетовтің сөзін sportarena.kz келтіреді.
Еске сала кетейік, Дәулетов финалға дейінгі жолда Лоик Кудбудиновты (Тәжікстан), Рауль Бриллиантты (Бурунди) және Валадье Пикарды (Франция) жеңді.
Жартылай финалда қазақстандық дзюдошы қазіргі әлем чемпионы, сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола жүлдегері жапониялық Рюдзу Нагаяманы сенсациялық түрде жеңді.
Айта кетейік, бұл Дәулетов мансабындағы дзюдодан әлем чемпионатындағы алғашқы финал болды.