Садулаев Астанадағы әлем чемпионатында медаль алғаннан кейін қазақстандықтарға алғыс айтты
Ресейлік Олимпиада чемпионы, еркін күрес шебері Абдулрашид Садулаев Астанада өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатындағы жарыстан кейін Қазақстан туралы жылы лебіз білдірді, деп хабарлайды Sport24.kz.
Қазақстан астанасында өткен додада Садулаев 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды.
Турнир барысында ресейлік балуан қазақстандық күрестің жұлдызы Ризабек Айтмұханды жеңді.
«Қазақстанға өз үйіме келгендей келемін. Біз бір-бірімізге доспыз, бауырмыз. Тіпті жергілікті тұрғындар да бізге өзімізді жат жерде жүргендей сезінуге мүмкіндік бермейді. Әрдайым өз үйімдегідей сезінемін. Жылы қабылдауларыңыз бен қолдауларыңыз үшін зор алғыс айтамын. Кілемге шыққан кезде трибуналардың орасан зор қолдауын сезіндім. Тіпті қазақ күресінің басты жұлдызы Ризабекке қарсы шыққанымда да, залдың жартысы маған жанкүйер болып отырғандай көрінді.
Мен әлем чемпионаттарының талайына қатыстым, бірақ Астанадағы дода мүлде басқа деңгейде өтті. Ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде болды. Мұндайды көптен бері көрмеппін. Барлығы керемет. Қонақжай қазақ жерінде болғаныма өте қуаныштымын», - деді Садулаев.
Айта кетейік, Қазақстан Астанадағы әлем чемпионатының жалпы медаль есебінде Өзбекстаннан жоғары тұрды.