Михаил Шайдоров Жапониядағы Гран-при финалында өнер көрсетеді: Олимпиада-2026 алдындағы басты дайындық
4 желтоқсанда Нагояда (Жапония) мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының финалдық кезеңі басталады, деп хабарлайды Olympic.kz
Маусым қорытындысы бойынша үздік алты спортшының қатарына Қазақстан намысын қорғайтын Михаил Шайдоров енді. Ол өзінің спорттық жолында екінші рет аталмыш серияның шешуші турниріне жолдама алды.
Финалға ерекше мәртебе беретін жайт – бұл жарыстың олимпиадалық маусымда өтуі. Сондықтан, ол 2026 жылғы Олимпиада ойындары алдындағы аса маңызды дайындық ретінде қарастырылады.
Ағымдағы маусымда Шайдоров Гран-придің екі кезеңіне қатысты: Чунцинде (Қытай) үшінші орын иеленсе, Лейк-Плэсидте (АҚШ) күміс жүлдеге қол жеткізді. Жалпы қорытындыда қазақстандық спортшы 24 ұпай жинап, финалға бесінші орынмен шықты.
Гран-при финалының қатысушылары:
- Илья Малинин (АҚШ) — 30 ұпай
- Юма Кагияма (Жапония) — 30 ұпай
- Шун Сато (Жапония) — 28 ұпай
- Адам Сяо Хим Фа (Франция) — 26 ұпай
- Михаил Шайдоров (Қазақстан) — 24 ұпай
- Дэниэль Грассль (Италия) — 20 ұпай
Финалға өте алмағандардың қатарында француз Кевин Аймоз бар. Ол АҚШ-тағы кезеңде Шайдоровтан озып шыққанымен, Канадада сәтсіз өнер көрсетті.
Маусым басталар алдында Михаил Ресей мен Италияда бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жаңа бағдарлама контентін алғаш рет Денис Тен мемориалында таныстырып, сенімді түрде жеңіске жетті.
Биылғы маусымда қысқа бағдарламада Шайдоров бірнеше музыкалық композициямен өнер көрсетеді, ал еркін бағдарламада аңызға айналған «Бесінші элемент» фильмінің саундтрегі — The Diva Dance, оның ішінде Эрик Серраның түпнұсқа нұсқасы мен Димаштың Confessa-нұсқасындағы ариясы пайдаланылады.
Олимпиадалық маусымдағы қазақстандық спортшының еркін бағдарламасы әлемдегі ең күрделілердің бірі саналады — бірден бес төрттік секіру жоспарланған. Егер ол бағдарламаны мінсіз орындаса, өте жоғары ұпайлар алуға үмітті.
Финалда қысқа бағдарламада Шайдоров тағы да «Дюна» фильмінің саундтрегімен өнер көрсетеді, бұл ISU-дың ресми сайтындағы спортшының жеке парақшасында көрсетілген.
Биылғы маусымда турнирдің басты фавориті — америкалық Илья Малинин. Ол тұрақтылығы мен техникалық күрделілігімен ерекше көзге түсуде. Қазақстандық спортшының басты бәсекелестері — жапондық Юма Кагияма мен Шун Сато, сондай-ақ француз Адам Сяо Хим Фа мен италиялық Дэниэль Грассль.
Медаль үшін талас аса тартысты өтеді деп күтілуде — барлық қатысушылар бағдарлама күрделілігі бойынша шамалас, сондықтан бәрін орындалу тазалығы шешеді.
Гран-при финалындағы қысқа бағдарлама 4 желтоқсанға, еркін бағдарлама 6 желтоқсанға жоспарланған.
3 желтоқсанда Қазақстан құрамалары биатлон маусымының алғашқы жарыстарынан кейін Ұлттар кубогындағы өз орындарын білді.