Италиядағы 2026 жылғы Олимпиада бюджеті 1,9 млрд долларға дейін өсті – инфрақұрылым шығындарын қоспағанда
2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті жарыстарды өткізуге арналған шығындар сметасының қайта қаралғанын хабарлады.
Жаңартылған мәліметке сәйкес, Олимпиаданы ұйымдастыру бюджеті 1,9 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Бұл - бұған дейін жоспарланған сомадан 112 миллион долларға көп.
Алайда бұл бюджетке бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың шығындары кірмеген. Атап айтқанда, Кортина-д’Ампеццодағы шанамен сырғанау және бобслей трассасын салуға кететін 131 миллион доллар, Миландағы жаңа хоккей аренасының құрылысына жұмсалатын 300 миллион доллар, сондай-ақ жолдар мен теміржол желілерін тарту бойынша жұмыстар бюджетке қосылмаған.
Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарына жұмсалған шығын көлемі шамамен 4 миллиард долларды құраған болатын.
2026 жылғы Олимпиада Италияда 6–22 ақпан аралығында өтеді. Жарыстар барысында 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Еске сала кетейік, Бейжіңдегі алдыңғы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалған еді.