Қиындықтардан тұрған алтын жол: Елдос Сметов Париж Олимпиадасы алдында мансабын аяқтағысы келгенін айтты
Халықаралық дзюдо федерациясы әйгілі қазақстандық дзюдошы Елдос Сметовтің қатысуымен әсерлі видеоны жариялады.
Бейнебаянда спортшы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына санаулы айлар қалғанда спорттағы мансабын аяқтауды ойлағанын ашық айтты.
«Олимпиадалық жолдама алу мен үшін өте қиын болды. Азия чемпионатында жеңіліп қалдым, бұл мен үшін ауыр соққы болды. Олимпиадаға үш ай қалғанда спорттан кетем деп шештім», - деді Сметов.
Дзюдошының айтуынша, ол бірден ата-анасына хабарласып, бұл шешімі туралы айтқан. Әкесінің жауабы шешуші болды:
- «Парижге аз қалды, тырысып көр, кейін тырыспағаныңа өкінесің».
Осы сөздер Сметовке үлкен демеу болып, ол залға қайта оралуды, жаттығуды жалғастыруды шешкен.
«Бұл жол - ауыр еңбек, қан мен терге толы болды. Бірақ бұл жеңіс соған тұрарлық еді», - деп бөлісті чемпион.
Елдос Сметов - Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы дзюдо спортынан алғашқы Олимпиада чемпионы. Қазір оның қоржынында Олимпиаданың барлық деңгейіндегі медальдар бар: алтын (Париж-2024), күміс (Рио-де-Жанейро-2016) және қола (Токио-2020).