Грециядағы триумф: Қазақстандық гимнаст қыздар тоғыз алтын медаль жеңіп алды
Қазақстанның көркем гимнастика құрамасы Грецияда өткен Aphrodite Cup халықаралық турнирінде керемет өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Отандастарымыз тоғыз алтын, бес күміс және бір қола медаль еншілеп, өздерінің шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ересектер арасындағы жеке бағдарламаларда Эрика Жайлауова көпсайыс пен лентамен жаттығу бойынша чемпион атанып, доппен жаттығуда күміс медаль жеңіп алды. Милана Парфилова шеңбермен жаттығуда үздік нәтиже көрсетсе, Айым Мейіржанова лентамен жаттығуда күміс, ал көпсайыста қола жүлдегер атанды.
Топтық жаттығуларда да Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
Жасөспірімдер құрамасы да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ақмарал Ерекешева көпсайыс, доппен және лентамен жаттығу бойынша үш рет чемпион атанды. Сонымен қатар, ол шеңбермен және булавалармен жаттығу бойынша екі күміс медаль иеленді.
Тағы бір алтын жүлдені Рысбек Айғаным қанжығасына байлап, көпсайыста топ жарды.