Елдос Сметов Испанияда шеберлік сағатын өткізеді
Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Испанияда шеберлік сағатын өткізеді, деп жазды stagejudomadrid
«Жылдың ең үздік жаттығу жиыны! Париж Олимпиадасының чемпиондары – Елдос Сметов пен Алис Белланди (Италия) осы маусымның басты қонақтары болады.
Олар Испанияға алғаш рет келіп, әлемнің әр түкпірінен келген дзюдошылармен өз шеберліктерін бөліседі. Бұл – ең үздіктермен бірге жаттығып, техникалық деңгейін арттырғысы келетін және әртүрлі елдерден келген спортшылармен татамиде бірге болғысы келетіндер үшін бірегей мүмкіндік», - деп жазылған ақпарат көзінде.
Аталған оқу-жаттығу жиыны қыркүйек айының 4-7 күндері өтпек. Бұл жиынға балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер қатыса алады.
Елдоспен бірге шеберлік сағатын өткізетін Италия өкілі Алис Белланди Париж Олимпиадасында 70 келіде жеңімпаз атанған. Елдос Сметов қазіргі уақытта Лондонда ағылшын тілін үйреніп жатыр.